Сайт таныстырылымы

18.9.2024
Астана

Ұлан-ғайыр қазақ даласының жан-жануарлар дүниесіне арналған «Қазақстанның тұмса табиғаты» жобасы аясындағы платформа – wilde-life.kz сайты қыркүйектің 11-і күні Астанадағы Rixos President Astana қонақ үйінде таныстырылды. Сондай-ақ іс-шараға келген қонақтардың назарына National  Geographic Qazaqstan фотографтарының осы жобаға арнайы түсірген жан-жануарлардың фотокөрмесі ұсынылды.

Іс-шараға жобаны жүзеге асыруға атсалысып қолдау көрсеткен «Шеврон» секілді серіктес компаниялардың, Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, экологтер мен зоология саласындағы ғалымдар, жоғары оқу орындарының студенттері, журналистер, блогерлер қатысты.

Таныстыру барысында жобаны жүзеге асырған «EcoForming» экология және білім беру қоры мен қаржылық қолдау көрсеткен «Шеврон» компаниясының өкілдері сөз сөйлеп, Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау, табиғатқа жанашыр көзқарасты насихаттау тұрғысынан жаңа сайттың көтерер жүгі зор екенін атап өтті. Сонымен қатар жиналған көпшілік арасында шағын лотерея ойыны ойнатылып, ұтыс шыққан қонақтарға картиналар тарту етілді.

Жаңа сайт интернет пайдаланушыларға Қазақстанның жан-жануарлар дүниесін жақынырақ таныстыруды, аңдар мен құстардың бірегей фотоларын көрсетуді мақсат етіп отыр. Сондықтан әрбір тіршілік иесінің түр-сипаты мен ерекшеліктерін танытатын жоғары сапалы портреттік фототүсірілімдер жасау жұмысы жалғасып жатқанын, фотогалерея жаңа фотосуреттермен және өзекті энциклопедиялық мәліметтермен толыға беретінін еске саламыз. Бұл орайдағы жұмыстарға Қазақстанның Зоология институты мен National Geographic Qazaqstan журналы қолдау көрсетуде.

Поделиться